Halyq Uni логотип
×

Баланы балабақшаға кезекке қоюдың тағы бір жолы пайда болды

Жоба орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін әзірленген

 Дастан Жұмабекұлы 31.01.2024 | 16:21
Баланы балабақшаға кезекке қоюдың тағы бір жолы пайда болды
Фото: nashe-vse.info

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, елімізде баланы балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай базасы болады. Ол екі өңірде серпінді жоба ретінде іске қосылды.

Жоба мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін әзірленген.

Жаңа модель отбасының сұранысына байланысты 4 балабақшаға дейін таңдауға мүмкіндік береді. Орындарды бөлуді ашық жүргізу үшін SMS-хабарлама жіберіледі. Балабақша мен ондағы бос орындар туралы ақпаратты «Кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы» шеңберінде электронды үкімет порталындағы карта арқылы алуға болады. Ата-ана картаны басшылыққа ала отырып, тұрғылықты жерінің маңындағы, жұмысына жақын немесе басқа жеке қалауы бойынша балабақшаны таңдай алады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі енгізілді. Атап айтсақ, электронды үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен жергілікті атқарушы органдардың платформалары іске қосылды.

Бұдан басқа, жеңілдік мәртебесін растау үшін қағаз анықтамаларды жинау алынып тасталады. Олар автоматты түрде мемлекеттік дерекқорлардан алынады. Балабақша таңдалғаннан кейін кезек нөмірі беріліп, ата-анаға хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ егер отбасында екеуден көп бала болса, оларды бір балабақшаға қабылдау мүмкіндігі беріледі», – делінген хабарламада.

Бүгінде жоба Шахтинск, Петропавл қалаларында іске асырылып жатыр. Серпінді жоба аяқталғаннан кейін «Кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы» бүкіл ел бойынша енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама