Сот облыстық полиция департаменті басшылығының атына жеке қаулы шығарды
Ақтөбе облысында жаяу жүргіншіні қағып кетті деген жүргізуші сотта ақталып шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, Хромтау қаласының тұрғынына қатысты 2023 жылғы 26 желтоқсанда сағат 08:59 шамасында жаяу жүргіншіге жол бермей, оны қағып кеткені туралы әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамай, іс материалдарына тіркелген фото және бейнежазбада түсірілген автокөліктің өзіне тиесілі емес екенін түсіндірді. Ол ешкімді қақпағанын айтты.
Көрші үйдің бақылау камераларынан түсірілген бейнежазбалар зерттеліп, оның 07:56-да көлікті гаражға кіргізіп, 09:22-де гараждан шығып, «Райгаз» жанармай бекетіне барғаны анықталды. Бұл жайт банк косымшасының көмегімен төленген түбіртекпен расталды.
Сот ер адам басқаратын көліктің түсі ашық түсті (күміс түстес), бампер мен оң жақ артқы көрініс айнасы сынғанын анықтады. Алайда қалалық әкімдіктен сұратылған бейнежазбада жаяу жүргіншіні жаяу жүргіншілер өткелінде түсі қаралау көліктің қағып кеткені көрінеді. Сонымен қатар, сотталушының көлігінің доңғалағы темір дискілі, ал фотосуреттер мен бейнежазбалардағы автокөліктің доңғалағы титаннан жасалған дискілі екені, сондай-ақ көліктің бампері мен айнасы сынбағаны белігілі болды.
Бұған қоса, сот куәгерлердің айғақтарын тыңдап, олар жәбірленушіні сотталушыға қарағанда ірі денелі жүргізуші соққанын, оның көлігі қаралау түсті болғанын көрсетті.
Мұндай жағдайда сот Р.-ның аталған құқықбұзушылықтарды жасаудағы кінәсі дәлелденбеді деген қорытындыға келді. Соттың қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы 1-бөлігі және 620-бабы бойынша қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізу тоқтатылып, Р. жауакершіліктен босатылды, – делінген сот хабарламасында.
Сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасаған лауазымды қызметкердің жол берілген өрескел заң бұзушылықтары бойынша облыстық полиция департаменті басшылығының атына жеке қаулы шығарды.
Хромтау аудандық сотының судьясы Е. Құдайбергенге ер адамның отбасы атынан алғыс хат түсті. Онда олар әділеттілік пен сот төрелігіне сенімдері артқандарын білдірген.