×

Қостанай облысында рөлге мас күйінде отырған мектеп директоры оқушы қызды қағып кетті

Мектеп директоры қызметінен шеттетілуі мүмкін

 Халық үні 24.12.2021 | 10:11
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Оқиға 20 желтоқсан күні кешкі сағат 18:40-тың кезінде Жангелдин ауданына қарасты Торғай ауылында болған, деп хабарлайды sputnik.kz.

Мәуленов пен Құлжанов көшелерінің қиылысында Volkswagen Polo маркалы көліктің 62 жастағы жүргізушісі 14 жастағы қызды қағып кеткен. Рөлде ауыл мектебінің директоры отырған.

Медициналық тексеріс кезінде көлік жүргізушісі жеңіл дәрежеде мас болған. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Соның негізінде процессуалдық шешім шығарылады, - дейді полицейлер.

Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, көлік астына түскен қыз бірден Жангелдин аудандық ауруханасына жеткізілді. Көлік оны оң жақ жамбасынан соққан. Оқушы қатты қорқып қалды. Тексерістен кейін үйіне жіберілді. Жарақат алмаған.

Ал Қостанай облыстық білім беру басқармасы директордың денсаулық жағдайына байланысты демалыс алғанын және жұмысқа шыққаннан кейін оның мәселесі педагогикалық этика жөніндегі кеңестің отырысында қаралатынын хабарлады.

Құқық қорғау органдары талап етсе, тергеу кезінде мектеп директорын қызметтен шеттетуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама