Halyq Uni логотип
×

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне қауіп төніп тұр: Құмкент тұрғындары «Қазфосфат» зауытына шағымданды

Ауыл тұрғындарының шағымына аудан әкімдігі де, «Қазфосфат» басшылығы да назар аудармай отыр

 Гүлбаршын Нұрхан 30.01.2024 | 16:29
Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне қауіп төніп тұр: Құмкент тұрғындары «Қазфосфат» зауытына шағымданды
фотосуреттердің авторы: Құмкент тұрғындары

3 жарым мыңға жуық халқы бар – Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Құмкент елді мекенінің тұрғындары ауылдағы экологиялық жағдайдың күрт нашарлап кеткенін айтып, Halyq Uni редакциясына шағымын жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, «Қазфосфат» зауытының Құмкент елді мекені аймағындағы жүргізген жұмыстары салдарынан Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне зақым келген. Сондай-ақ өзенге құятын бұлақ суы тартылып, оның зардабын жергілікті тұрғындар тартуы әбден мүмкін. Ауыл тұрғындары зауыттың халыққа басқа да зияны тиіп жатқанын айтты.

Тарихи кесене ауылдан 7 шақырым жерде орналасқан. Ал 15-20 шақырым жерде қазір сол зауыттың жұмысы жүріп жатыр.

«Қазфосфат» деген компания Жамбыл облысы мен Түркістан облысының шекарасында орналасқан. Олар сол жерде фосфор өндіреді. Солардың жүргізіп жатқан жұмыстары кесенеге қарай жақындап қалды. Олар жерді бірнеше жыл бұрын негізсіз құжатпен алып қойған, бізге құжаттарын көрсетуден бас тартты.  

Жер енді мемлекетке тиесілі деп айтылады. Бірақ сол жерде тұрған халыққа жаны ашуы керек қой. Халықты елеп жатқан ешкім жоқ. Біз қанша рет айттық, бірақ олар жұмысын тоқтатпай отыр. Кесене таудың төменгі жағында орналасса, олар жоғары жағынан жарып, жарған сайын жер де қозғалып, қазір соның салдарынан кесенеге зақым келіп жатыр, - деді Құмкент елді мекенінің тұрғыны Сәбит Орынбек.

Ауыл тұрғындары бұған дейін зауыт басшылығына мен әкімдікке шағымданып, жұмысты тоқтатуын сұраған. Алайда тиісті мекемелерден мардымды жауап ала алмаған. Ал зауыт жұмысын халықпен ақылдаспай бастап кеткен.

Компанияға шағымдандық, олар бұл жерде жұмыс жүргізу үшін халықтың келісімін алған жоқ. Бұрын халық тыңдауын өткізбей, 5-6 адамның қолын қойдырып алып, солардың рұқсаты берілген деп отыр. Әкімдікке айтып шағымдандық. Алайда олар «арқамыздан қағып» шығарып салады. Біздің үніміз жоғары жаққа жетпей жатыр, - дейді ауыл тұрғыны.

Ауыл тұрғындары зауыт жұмысын жалғастыра беретін болса, тек кесене ғана емес, сол кесене түбінен бастау алатын бұлақтан да айырылып қаламыз деп үрейленіп отыр.

Құмкент тұрғыны – «Ел мүддесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Турлан Батырбаев компанияның құжатсыз әрі заңсыз жұмыс істеп жатқанын айтып, зауыт алдағы 4 жылда да халықтың рұқсатынсыз жұмысын жалғастырады деп алаңдап отыр.

«Сол кесенеден бастау алатын бұлақтың көзінен шығып жатқан сумен 3 жарым мың халық күн көріп отыр. Енді сол жерге жарылыс жүргізіп жатқан «Қазфосфат» зауытының құжаты да заңды емес. Өтірік құжат жасау арқылы халыққа жағдай жасап береміз деп алдап, жұмысын тағы созып, алдағы 4 жылға бізден жер алғалы жатыр. Енді біз олардың құжаттары заңсыз екендігін айтып, барлық құзырлы органдарға беріп жатырмыз. Бірақ бұл халыққа нақты беріліп отырған жауап емес.

Олар тағы біздің жерімізді алып, жұмыс жүргізсе, Бабаның басынан шығып жатқан бұлақтан да айырылып қалатын қауіп бар. Одан бөлек, тауда қаншама жерлерімізді жарып, залал келтіріп, солардың кесірінен біздің бұлақтар мен өзендер тартылу алдында. Осылайша, біздің жанымыздағы Тұздыкөл тартылып кетсе, зауыттан шыққан экологиялық жағдай бар және Баба басынан ағатын бұлағымыз жойылса, 3 жарым мың халық далада қалады», - дейді ауыл тұрғыны Турлан Батырбаев.

Редакциямызға шағымын айтқан ауыл тұрғындарының айтуынша, жарылыс салдарынан жергілікті халыққа басқа да зиян келген. Бірнеше жыл бұрын ауыл әйелдері қатты жарылыс даусынан шошып, түсік тастаған кездер де болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама