×

Астанада автокөлік аккумуляторларын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Олардың елордада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.

 Динара Амантай 30.01.2024 | 15:32
Фото: polisia.kz

Астанада автокөлік аккумуляторларын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының жүк көліктерінің аккумуляторларын ұрлаумен айналысқан 23 жастағы 3 тұрғынын анықтады. Тергеу барысында жігіттердің аккумулятор ұрлығының 6 эпизодына қатысы бар екені анықталды.

Ұрлық түнгі уақытта аккумулятор қоймасын бұзу арқылы жасалған. Түнде олар жолаушылар көлігімен үйлердің ауласын аралап өтіп, тоқтап тұрған жүк көліктерін іздеген. Ұрланған аккумуляторларды көліктің жүк салғышына тиеп алып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Осылайша,олар бір түннің ішінде Нәжімеденов көшесінде 2 «КамАЗ» көлігін тонап, «Барс» маркалы 4 аккумуляторды ұрлап, 500 мың теңгеден астам шығын келтірген.

Дәл осындай жолмен күдіктілердің Бауыржан Момышұлы көшесінде «КамАЗ» көлігінің 8 аккумуляторын ұрлап кеткені белгілі болған. Полицейлер бейнекамералар арқылы ұрылардың ізіне түсіп, жүру бағытын анықтап, оларды ұстау шарасын қабылдаған.

Ұрлық жасағанын мойындаған күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай ақ олардың елордада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама