Қазақстан су инфрақұрылымын дамытуға 2 трлн теңге жұмсамақ

Дәурен Ерболат

Кешенді жоспар әкімдіктермен келісілген

Фото: Halyq Uni

2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыруға 2 трлн теңге керек. Бұл туралы Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол тұжырымдаманы іске асыру бойынша премьер-министр нақты тапсырма бергенін еске салды.

Енді біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кешенді жоспар әзірлеуіміз керек. Бүгінде әрбір жергілікті атқарушы органдармен бекіткен кешенді жоспар бар. Барлық жұмысты жүргізу үшін жалпы бұл тек су қоймалары ғана емес, мұнда ирригациялық жүйелер, цифрландыру, су үнемдеу технологияларына іске асыруға шамамен 2 трлн теңге қажет, - деді Нұржан Нұржігітов Үкіметтің баспасөз орталығында.