×

Астанада полицейді көлігімен сүйреген жүргізуші ұсталды (ВИДЕО)

Оның жүргізуші куәлігі болмай шықты

 Динара Амантай 30.01.2024 | 14:58
Фото: polisia.kz

Астанада мас жүргізуші полицейдің заңды талабына бағынбай, көлігімен сүйреген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Мас жүргізуші – қылмыскер!» жергілікті рейд барысында патрульдік полиция қызметкерлері KIA көлігінің жүргізушісін мас күйінде ұстады. Хабарлама күндізгі уақытта «102» пультіне түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері Мәскеу мен Потанин көшелерінің қиылысында жолдың қарсы жағындағы KIA көлігін анықтаған.

Сақшылардың тоқтату талаптарын елемеген жүргізуші жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіріп, көлікті жүргізуін жалғастыра берген. Алайда ол көше қиылысында алдында көліктер тұрғандықтан бағдаршамның қызыл түсіне тоқтауға мәжбүр болған. Осы кезде полицей көлікке жүгіріп келіп, есікті ашпақ болғанда жүргізуші жылдамдықты арттырып, инспекторды жол бойымен 20-30 метрдей сүйреп әкеткен.

Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізушінің көлікті орташа дәрежедегі мас күйінде басқарғаны белгілі болған. Сонымен қатар 23 жастағы жас жігіттің жүргізуші куәлігі де болмағаны анықталған. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік кодекстің екі бабымен – ішкі істер органы қызметкерінің заңды талабын орындамау және масаң күйде басқаруға құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы бойынша іс қозғалды.

Сот шешімімен жүргізуші 20 тәулікке қамауға алынып, көлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама