«Базар мен құрылысқа бара ма?»: Cенат спикері түлектердің білімі төмен екенін айтты
Олар ЭЫДҰ елдерінің жастарымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті емес
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің жастарымен салыстырғанда қазақстандық ЖОО түлектерінің бәсекеге қабілетті емес екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, 90-жылдары болған туу көрсеткішіне, демографиялық сәтсіздікке байланысты қазір жастар арасындағы жұмыссыздыққа қатысты жағдай соншалықты жаман емес.
«Сол жылдары түрлі мәселе болды, дағдарыс салдарынан бала аз дүниеге келді. Бірақ 2000-жылдардан бастап жағдай өзгерді. Алдағы жылдары еңбек нарығына жыл сайын 300-350 мың жас шығады. Бұл көрсеткіш одан әрі өседі», - деді Сенат төрағасы.
Статистикаға сүйенсек, тек 2021 жылдың өзінде 446 мың бала дүниеге келген. 20 жылдан кейін оларды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету аса маңызды. Бірақ жақсы жұмыс орындары жетпей қалу қаупі де бар.
Мектеп оқушыларын айтпағанда, біздің университет пен колледж түлектерінің біліктілігі айтарлықтай төмен. Шынын айту керек, олар ЭЫДҰ елдерінің жастарымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті емес. Олар енді білікті жұмыстарды атқара алмайды.
Сонда қайда барады? Базарларға, құрылыс алаңдарына бара ма, әлде өзін-өзі жұмыспен қамти ма?» - дейді Мәулен Әшімбаев.
Демек Қазақстан түлектерінің біліктілігін арттыру қажет. Сенат спикері еңбекті, сонымен қатар білім беру саясатын жоспарлау және жүзеге асыру кезінде бұл әбден мүмкін нәрсе деп есептейді.