Қолданыстағы суды үнемдеу технологиясы тиімсіз
Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов шаруаларды суды үнемдеп пайдалануға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.
Нұржан Нұржігітов елімізде су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру маңызды екенін атап өтті.
«Қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалану «ресурстарды басқарудан» «сұранысты басқаруға» көшуге мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидаты – су қабылдау көлемін ұлғайтпай экономика салаларының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін пайдалану. Трансшекаралық өзендер арқылы су ағынының азаю қаупін, сондай-ақ суару каналдарында үлкен шығындардың болуын ескеріп, фермерлердің су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен және кешенді жұмыстар жүргізу қажет», - деді министр.
Министрдің айтуынша, бүгінде 1,9 млн гектар суармалы жерлердің тек 16 пайызында (312,2 мың гектар) су үнемдеу технологиясын қолданылады. Қазіргі жағдайда бұл өте тиімсіз.
Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар басталды. Мұнда су үнемдеу технологиясын қолдану 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңын 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге ықпал етеді, - деді Нұржан Нұржігітов.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, бұл шара шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ тұрақты суаруда климаттың өзгеруіне байланысты суды тұтынудың үлестік нормаларының ұлғаюының теріс үрдісі байқалады. Бұл дақылдардың су тұтыну нормативтерінің ұлғаюына әсер етеді.
Тұжырымдама жобасында қолда бар су ресурстарының көлемін экологиялық және экономикалық оңтайлы деңгейде ұстап тұру үшін су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік технологиялардың тізбесін, су пайдалану лимиттерін белгілеудің жаңа тетіктерін, айналымды және қайта сумен жабдықтауға көшу жоспарларын әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар көзделеді», - деді ведомство басшысы.