×

Қазақстандық актер «Ақ боз үй» фильміндегі рөлі үшін Африкада марапатталды

Фильм Смағұл Елубайдың романы негізінде түсірілген

 Халық үні 30.01.2024 | 11:32
Фото: Кемаловтың жеке мұрағатынан

Камерун астанасы Яунде қаласында өткен «YARHA Festival» халықаралық кинофестивалінде «Ақ боз үй» фильміндегі Пахраддин образы үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Фильм Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген. Кинокартина өткен ғасырдың 30-жылдарында қазақ ауылының тұрғындарының басына түскен сынақтар туралы өмірде болған оқиғаны баяндайды. Режиссер Бегарыс Елубайдың фильмі бір отбасының тарихына тоқталып, Қайрат Кемалов би Пахраддиннің рөлін сомдады.

Бұған дейін Түркияның Бурса қаласында өткен «KORKUT ATA» түркі әлемі фильм фестивалінде де актер Кемалов Пахраддин образы үшін «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша үздік деп танылған болатын.

Айта кетейік, 2022 жылдың мамырында «Ақ боз үй» көркемфильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Фильм түсіру идеясы 2019 жылы пайда болған. Сол жылы идеяны президент қолдап, Мәдениет министрлігінің қарамағындағы Ұлттық киноны қолдау қоры қаржыландырып, Маңғыстауда түсірілген. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама