«Өзендер тартылып жатыр». Қазақстан көрші елдермен байланыс орнатуға мәжбүр
Министрлік жанынан арнайы департамент құрылады
Қазақстанда жергілікті және трансшекаралық өзендер тарылып жатыр. Еліміз су шаруашылығы саясатында көрші елдерге тәуелді. Бұл туралы Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысында министр 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын таныстырды.
Министрдің айтуынша, географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстандағы 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық саналады.
«Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің (Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері) су шаруашылығы саясатына тәуелді. Осыған байланысты Арал-Сырдария (90%), Жайық-Каспий (80%), Шу-Талас (75%), Балқаш-Алакөл (45%) су шаруашылығы бассейндері, ең азы Тобыл-Торғай (12%) және Ертіс (20%) су шаруашылығы бассейні неғұрлым осал саналады.
География және су қауіпсіздігі институтының деректері бойынша (2023 жылғы 1 наурыз) 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Оның ішінде жалпы көлемінің азаюы бойынша 9 шаршы шақырым (72) жергілікті өзендердің үлесіне, ал трансшекаралық өзендердің үлесіне 3,5 шаршы шақырым (28%) келеді.
Осыған байланысты трансшекаралық ағынды азайтудың ықтимал процесін ескеріп, 2030 жылға дейін трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту су қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерінің біріне айналуға тиіс», - деді Нұржан Нұржігітов.
Министр су шаруашылығы саласында көрші елдермен байланысты нығайту керегін атап өтті.
«Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді.
Мемлекетаралық су қатынастарын дамыту үшін Қазақстан үкіметі мен Өзбекстан үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы, сондай-ақ Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қою тұжырымдамада көзделген.
Халықаралық су ынтымақтастығының маңызды құрамдас бөлігі – Орталық Азияның су-энергетикалық ынтымақтастығы тетігін әзірлеу.
Сондай-ақ трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау жөніндегі келіссөздер тобы мүшелерінің құзыретін күшейту, сондай-ақ арнайы департамент құру жоспарланып отыр», - деді министр.
Нұржан Нұржігітов заң жобасы Парламент қарауына жіберілгенін атап өтті.
«Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы Мәжілісте қаралып, Сенат қарауына енгізілді. Конвенция трансшекаралық өзендер мен көлдерді және олармен байланысты жерасты суларын бүкіл әлемде тең құқықты және тұрақты басқаруға ықпал ететін жаһандық құқықтық механизмі болып саналады. Қазір конвенцияға қатысушысы 37 мемлекет бар. Қазақстанмен көршілес елдердің ішінде конвенция мүшесі – тек Өзбекстан», - деді ведомство басшысы.