Олар 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қостанай облысында полицейлер синтетикалық есірткі таратқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қазір 4 күдікті қамауда отыр. Алдын ала келісу арқылы есірткіні заңсыз өткізгені үшін қылмыс жасағандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық істің қатысушылары аймақ аумағында синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан. Полицейлер 300-ден 500 граммға дейінгі есірткі партиясын алған жас ерлі-зайыптылардың оны үйлерінде zip пакеттермен шағын дозаларға бөліп, одан әрі «қойып кету» арқылы таратқандығын анықтады. Әрқайсысында осындай 30-40 пакет болған. Қара нарықта синтетикалық препараттың жарты келісі шамамен 15 миллион теңге тұрады.
Біз 300 грамнан астам синтетикалық есірткіні, ақшаны және травматикалық қаруды тәркіледік. Заттар бойынша сот-химиялық сараптамасы тағайындалды. Қылмыскерлердің айтуынша, бұл мефедрон мен PVP болды, – деді Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметов.
Қостанай облысының ПД өткен жылы заңсыз айналымнан 430 келі есірткі, оның ішінде 10 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленгенін атап өтті.