Пәкістан азаматтары елден шығарылды
Олар шекараның тікенек сымын бақша қоршауы деп ойлағандарын айтқан
Қордай аудандық сотымен Пәкістан Ислам Республикасының 3 азаматына қатысты Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекара режимін бұзу фактісі бойынша әкімшілік істер қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылдың желтоқсанында сағат 20:20 шамасында «Қарасай батыр» шеқаралық бөлімі маңында шекара қызметкерлерімен қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өткен, яғни шекарадан өтудің белгіленген тәртібін ұстанбаған Пәкістан Ислам Республикасының 3 азаматы ұсталған.
Сотта шетел азаматтары шекарадан заңсыз өтпек ниеттері болмағанын, тікенек сымды бақша қоршауы деп ойлағандарын айтты.
Сот қаулысымен Пәкістан Ислам Республикасының 3 азаматы ӘҚБтК-нің 514-бабы 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылды, – делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.