Күдікті қамауға алынды
Алматылық азамат туыстарының үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 жастағы ер адам өзім тұрамын деген желеумен ағасының үйін жалға алып, синтетикалық затты шығаратын есірткі зертханасын ұйымдастырған.
Патрульдік полиция экипажы есірткі сатушыны анықтады және ұстады. 26 жастағы Д. есімді азамат есірткі бетбелгісін қою кезінде тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Жедел тергеу тобының тінтуі кезінде оның сөмкесінен салмағы 1,5 келіге жуық мефедрон есірткісі табылды. Күдікті есірткіні зертханада өзі дайындайтынын мойындады. Д. есімді азаматтың бетбелгілерді де өзі қоятындығы белгілі болды. Күдіктіге осы жұмысы үшін «жұмыс беруші» қомақты сыйақы беруді уәде еткен. Криптовалютамен төлеген.
Дәл осы зертханадан шыны колбалар, магниттік араластырғыштар, электронды таразылар, полиэтилен канистрлер, шыны және пластмасса табақтар, кептіргіштер, құрғақ ұнтақтар және басқа да жабдықтар табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 2 келіден асады», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.
Күдікті қамауға алынды. Есірткі бизнесінің ықтимал сыбайластары анықталып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.