Абай облысында электр энергиясының тарифін заңсыз көтерген кооперативтердің қызметі тоқтатылды
Прокуратура мекемеге арнайы тексеру жүргізді
Тұрғындардың көптеген шағымы бойынша прокуратура облыс әкімдігімен және уәкілетті органдармен бірлесіп, «Семей.Мурат.Доверие» және ПКСЛ «Бобровка» саяжай кооперативтерінің қызметін тексерді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тексеру барысында соңғысының тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз монополиялық қызметті іске асырғаны, электр энергиясына жоғарылатылған тарифтер белгілегені, электр желілерін жалға алғаны үшін негізсіз төлем алғаны және т.б. құқықбұзушылықтар анықталды.
Осылайша, кооперативтер электр энергиясын өндіруші саналмайтындықтан, энергия өндіруші компаниядан 1 кВт-қа 14,202 теңге сатып алып, оны жоғарылатылған тариф бойынша (1 кВт үшін 18 теңге, яғни 4 теңгеге қымбат) 8,5 мыңнан астам тұрғынға сатқан. Оның көпшілігі – халықтың әлеуметтік осал топтары.
Абай облысының табиғи монополияларды реттеу департаментіне қадағалау актісі енгізіліп, кооперативтерге ӘҚБтК 164-бабының 3-бөлігі бойынша жалпы сомасы 25 млн теңге айыппұл салынып, Мұрат және Бобровка саяжай массивтерінің 8,5 мың тұрғынының құқығы қорғалды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ Абай облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 және 30 қазандағы заңды күшіне енген шешімдері бойынша кооперативтер таратылып, сол арқылы олардың заңсыз қызметі тоқтатылды.