Астанада қала шетіндегі жаңа мектеп пайдалануға беріледі
2025 жылға дейін 28 орта білім ордасы салынды
Астана қаласында тағы бір мектеп пайдалануға беріледі. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Кирпичный елді мекенінде 1966 жылы салынған жалғыз мектеп апатты жағдайда болған соң, бұзылып, оның орнына жаңа оқу орны салынды.
Бұл мектеп Байқоңыр ауданында Қамысты көшесі, 7 мекенжайында орналасқан. Мектеп ескірген соң, 2021 жылы күрделі жөндеуден өткізіле бастады. Жаңа мектептің құрылысы баяу қарқынмен жүріп жатты. Тіпті, бір кезде тоқтап та қалды. Ал оқушылар осы жылдары басқа мектепке баруға мәжбүр болды. Біз Кирпичный елді мекеніндегі мектептің құрылысын жандандырдық, барлық проблемасы шешілді. Оның құрылысын биыл көктемде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Кирпичный елді мекенінде жайлы мектеп болады, – деді Астана қаласының әкімі.
Оның айтуынша, қазіргі оқу жылында 11 мектеп пайдалануға берілді. Ал оқу жылының соңына дейін тағы 4 мектеп ашылады. Олар Қарасай батыр, Бұланты көшелерінде, Қамысты көшесі, 7 мекенжайында болады. Сол сияқты, Қабанбай батыр даңғылы, 9/1, Таха Хусейн көшесі 5/1 мекенжайларында жаңа ғимараттар бой көтереді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылады. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Олардың 15-і Есіл, Нұра аудандарында салынатын болады.
2027-2028 жылдарға дейін бас-аяғы 200 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 80-нен аса мектеп салу жоспарланып отыр.