Екі адамның өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды
Жәбірленушілердің залалды өтеу туралы талаптары ішінара қанағаттандырылды
Екі адамның өліміне себепкер болған жүргізуші сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
26 қаңтарда Өскемен қаласының №2 сотымен абайсызда 2 адамның өліміне әкелген, 3 адамның денсаулығына ауыр зиян, 1 адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиянға және 1 адамның денсаулығына жеңіл зиян келтірген және жол ережесін бұзған азаматқа қатысты іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2023 жылғы 9 шілдеде сағат 13:10 шамасында сотталушы Алтай қаласына қарай «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» тасжолының 53-шақырымында KIA маркалы автокөлікпен келе жатып, жол төсемінің бейінін, жолдың оң жаққа түсуі мен бұрылуын ескермей, жылдамдығын төмендетпестен, сонымен қатар көлігінде отырған жолаушыларға назары ауып, қарсы жолаққа шығып кеткен.
Салдарынан «ВАЗ» маркалы автокөлікпен соқтығысып, ол көліктің жүргізушісі және жолаушысы алған дене жарақаттарынан сол жерде қаза тапты. Осы автокөліктің тағы 2 жолаушысы және КІА маркалы көліктің жолаушысы денсаулығына ауыр зиян келтірілген дене жарақаттарын алды. Сондай-ақ осы көліктің 2 жолаушысы орташа ауырлықтағы дене жарақатын алып, олардың денсаулығына жеңіл зиян келтірілген.
Сот жүргізушіні қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, көлік басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушілердің моральдық зиян мен материалдық залалды өтеу туралы талаптары ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.