Күдіктінің осыған ұқсас тағы да 5 қылмысқа қатыстылығы анықталды
Қарағанды облысында алаяқтарға сенген кейуана 3 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Саран қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында алаяқтықпен айналысқан Қарағанды қаласының 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Белгілі болғандай, 73 жастағы кейуанаға белгісіз біреулер қоңырау соғып, немересі жол-көлік оқиғасын жасағанын, ол жерде жаяу жүргінші ауыр жарақат алғанын айтқан. Осыған байланысты немересі кінәлі болғандықтан, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып, мәселені шешу үшін 9 миллион теңге сұраған.
Зейнеткер хабарласқан адамға қолында бар 700 мың теңге мен 5 мың АҚШ долларын берген. Кейін өзінің алаяқтың құрбаны болғанын сезген соң, полицияға арызданған. Тәртіп сақшылары күдіктіден зейнеткер берген ақшаны, яғни 550 мың теңге және 5 мың АҚШ долларын айғақ зат ретінде тәркіледі. Күдікті 150 мың теңгемен өзінің несиесін жауып үлгерген.
Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы да 5 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Ұсталған азамат жәбірленушілерге 6 млн 600 мың теңге шығын келтірген. Қазір алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.