110 мектептің санитарлық-гигиеналық жағдайына қатысты 1 мыңнан астам шағым түскен
«Балаға лайық» акциясының аралық қорытындысы шығарылды
Бір айда БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне 110 нысандағы сәйкессіздіктер туралы 1 000-нан астам хабарлама түсті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір ай бұрын Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазақстандық оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп, мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктерді анықтап, ескертулерді жою мақсатында «Балаға лайық» акциясын бастаған болатын.
Акцияның бірінші кезеңі аяқталды. Жұмысты белсенді жүргізу үшін барлық облыстың білім басқармаларымен, балалар өкілдіктерімен онлайн кездесулер өткізілді. Білім беру ұйымдарында кез келген адам әжетхана мен асхананың фото-видеосын жібере алатын мессенджерлердің QR-кодтары бар буклеттер таратылды. Акцияға оқушылар мен ата-аналар белсенді қатысты, – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Оның айтуынша, мектептер мен оларды қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде болғандықтан, білім ордаларының санитарлық-тұрмыстық жағдайы мен асханаларының жай-күйіне қатысты барлық шағым әкімдіктерге жіберілді. Оларға акция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулерді жоюға уақыт берілді. Олар 1 қыркүйекке дейін жіберілген қателіктерін түзету бойынша жұмыс істеуі қажет.
Комитетке келіп түскен шағымдардың басым бөлігі мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдайға, нақтырақ айтқанда, гигиеналық құралдардың, жуынатын бөлмелерде қалқалардың болмауы, дәретхана кабиналарындағы есіктердің дұрыс жабылмауы және тағы басқа кемшіліктерге байланысты болған. Ауладағы мектеп дәретханалары туралы 3 хабарлама түскен.
Акцияның екінші кезеңі жаңа оқу жылының басында басталады.
Бұған дейін министрлік бірқатар облыстың әкімдіктеріне ауладағы дәретханаларды жою және мектептерді балаларды қорғау үшін дабыл түймелерімен, бейнекамералармен және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау бойынша жұмыс жүргізбеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы хат жолдаған.