Оқу мен бүркітпен айналысуды қатар алып жүрмін, - дейді ол
Әлемге әйгілі бүркітші, қандасымыз Айшолпанның отбасы елге көшіп келді.
Мен Қазақстандамын, бір аптадай бұрын ата-анам мен бауырларым көшіп келді. Өзім Алматыдағы С. Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 4-курста оқимын. Қазір мамандығым бойынша жұмыс қарастырып жатырмын, - деді Айшолпан Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ отандасымыз бүркіт баптау өнерін тастамағанын айтты.
Оқу мен бүркітпен айналысуды қатар алып жүрмін. Аптасына бір рет айналысамын. Жарыстарға қатысып жүрген жоқпын, тек қонақ ретінде барамын. Себебі оқудан қол тимейді, - дейді бүркітші қыз.
Еске сала кетсек, 2018 жылы қарашада бүркітші Айшолпан туралы фильм шыққан болатын. Ал 2019 жылы Моңғолия композиторы жерлесіміздің құрметіне өз туындысын арнады. Сондай-ақ 2022 жылы бүркітші Айшолпан туралы ағылшын тілінде кітап шықты.