×

Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтты (ВИДЕО)

Біраздан соң дәрігерлердің екінші бригадасы мен полиция қызметкерлері келген

 Еркеғали Болатұлы 28.01.2024 | 11:00
фото: видеодан скриншот

Qumash Telegram арнасында Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісінің ауруханада түсірілген видеосы пайда болды. Онда жүргізуші өзіне жасалған шабуыл туралы айтып берген.

Жәбірленушінің бетінен көгерген жерлер мен ісіктер көрінеді. Оның айтуынша, оқиға қаңтардың 26-сынан 27-сіне қараған түні болған.

Түнде сағат 23:57-де бізге қоңырау түсті. Біз сонда бардық. Екі фельдшер науқасқа жылдам кіріп кетті, мен көлікте күттім. Артынша белгісіз біреу келіп, көлік сәл шайқалды. Не болғанын түсінбедім. Ол балағаттай бастады, мен мән бермедім. Сосын тағы қайтып келіп, тағы да балағат сөздер айтты. Мен көліктен түсіп: «Түн ортасында неге мені балағаттап жатырсың? Мен де бекер келген жоқпын» дедім. Ол: «Жоқ, сен менің жолымды жауып тастадың! Тұраққа бара алмайсың ба?» деді, – деп түсіндірді ол оқиға барысын.

Содан өзін агрессивті ұстаған ер адам жедел жәрдем жүргізушісіне бірнеше рет ауыр соққы жасаған. Жедел жәрдем жүргізушісі шок алғанын айтты. Біраздан соң дәрігерлердің екінші бригадасы мен полиция қызметкерлері келген.

Шынымды айтсам, мен бұны күткен жоқпын. Халық үшін, адам өмірін құтқару үшін жұмыс істейсің, бірақ өзіміз соққыға жығыламыз. Бұл әділ емес. Өкінішті нәрсе, - деді жүргізуші.

Айта кетсек, бұған дейін Қарағанды тұрғынының жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны туралы жазған болатынбыз. Өңірлік полиция оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен ер адамның анықталғанын хабарлады. Қазір оны іздестіріп жатыр. Кейін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният болған жайтқа пікір білдіріп, зардап шегушінің жағдайын айтты. Оның айтуынша, жүргізушіге мидың шайқалуы, мұрын сүйегінің сынуы, қабырғаның жабық сынуы, көздің гематомасы диагнозы қойылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама