Тренд қуған оқушының ата-анасы жауапқа тартылатын болды

Динара Амантай

Балаға қатысты материал кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияның қарауына берілді

Фото: polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында тренд қуып, жалған ақпарат таратқан жасөспірімнің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жасөспірім полицияға қоңырау шалып, мектепке бомба салынғаны туралы хабарлаған. Абоненттік нөмірдің иесі 12 жасар орта мектеп оқушысы болып шықты. Оның телефонынан сыныптасы танымал әлеуметтік желілердің трендтерін қайталауға шешім қабылдап, полицияға хабарласқан.

Қазір балаға қатысты материал кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияның қарауына берілді. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарға әкімшілік айыппұл салынады, – делінген хабарламада.

Полиция департаменті қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарын ескере отырып, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те көзделгенін ескертеді. Баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.