Halyq Uni логотип
×

Ескі құбырлардың жарылуы салдарынан петропавлдықтар да жылусыз қалды

Қаладағы жылу құбырларының 74 пайызы тозған

 Еркеғали Болатұлы 26.01.2024 | 09:57
Ескі құбырлардың жарылуы салдарынан петропавлдықтар да жылусыз қалды
Фото: almaty.tv

Петропавл қаласында бір күнде жылу құбырында екі бірдей апат болды. Соның салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қазір 40-тан астам әлеуметтік маңызы бар нысан мен бірнеше көпқабатты үй жылусыз отыр. Олардың қатарында мектеп пен балабақша да бар. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Құбырдан жоғарыға атқылаған ыстық су айналаға жайылып, көшенің бәрі мұз болып қатып қалған.

Ыстық су үйге қарай атқылады. Сөйтіп жертөле мен бірінші қабат суға толды. Жертөледе қыс бойы дайындаған көкөніс пен жемістер сақтаулы тұр еді. Енді бәрі далаға кетті», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Тищенко.

Диаметрі 600 мм құбыр жарылып, бірнеше нысан жылудан ажыратылды. Ал құбырдан атқылаған су жақын маңдағы сауда үйін де басқан. Соның салдарынан бірінші қабаттағы супермаркеттегі азық-түлік өнімдері бүлініп, тауарлар жарамсыз болып қалды дейді саудагерлер.

Кешегі жағдайдан кейін сауда үйі жұмыс істеген жоқ. Өйткені бәрін қайта ретке келтіруіміз керек. Келген шығын миллиондап саналады. Әлі шығынды толық есептеген жоқпыз. Соның салдарынан «Жас өркен» шағын ауданындағы бірнеше баспана жылусыз қалды. Ал №6 мектепте төменгі сынып оқушыларына сабақ болмады, - дейді сауда үйінің өкілі Денис Гинергарт.

Қыстың ортасында істен шыққан құбырлар әбден тозығы жетіп, шіріп кеткен. Ал мамандар бұл мәселе ертеңге дейін толық шешіледі деп сендірді.

Жарылған екі құбыр да 40 жылдан артық тұрған. Оның 70-80 пайызы тозып кеткен. Сәйкесінше, бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Біз ескірген құбырлардың жыртығын шама келгенше жамап жатырмыз. Жалпы, Петропавлдағы жылу құбырларының 74 пайызы тозған, - деді «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Виталий Холоша.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама