«Tenge Oil & Gas» жұмысшылары Президентке үндеу жолдады
Бір айға жуық ереуілге шыққан «Tenge Oil & Gas» ЖШС жұмысшылары компания басшылығы оларды қудалап жатқанын айтып, Президентке үндеу жолдады.
Еске сала кетсек, 28 сәуірде «Tenge Oil & Gas» ЖШС-ның жұмысшылары ереуілге шыққан. Олар жалақысын «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жалақысымен теңестіруді, сонымен қатар зиянды орындарда жұмыс істегені үшін, үстеме жұмыстарды атқарғаны үшін үстемақы төлеуді, 13-ші жалақыны көтеруді, тамақтану мен санитарлық жағдайды жақсартуды талап еткен болатын. Жергілікті lada.kz сайтының хабарлауынша, ереуіл 22 күнге созылған.
Мекеме басшылары қызметкерлерін сотқа бергеннен кейін, Жаңаөзен қалалық соты ереуілді заңсыз деп таныған. 11 мамырдағы сот шешімімен «Tenge Oil & Gas» ЖШС-ның қызметкерлері қайта жұмысқа шықты. Алайда олардың айтуынша, компания басшылығы тарапынан ереуілге қатысқандарға қысым көрсетіліп, қудалау басталған. Жұмысшылардың талаптары сол күйі орындалмады.
Бір топ жұмысшы болып, осы мәселемен жұмыс берушіге жүгінгенбіз. Бірақ жұмыс беруші халықпен диалогқа келмей отыр. Сонда жұмысшылардың құқығын кім қорғамақ? Халық үніне құлақ асатын мемлекет қайда? Жұмысшыларды қудалау тоқтатылсын. Егер қудалау тоқтатылмаса, жұмысты доғарып, наразылыққа шығатынымызды ескертеміз», – дейді «Tenge Oil & Gas» ЖШС-ның қызметкерлері.
Halyq Uni тілшісі аталған мекемеге хабарласып көріп еді, алайда басшылық тарапынан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады.