Былтыр қала әкімдігі жаңадан 117 шақырым сумен қамту желісін салды
Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты.
Президент әрқайсысының сыйымдылығы 3 мың текше метр болатын «Балқаш» таза ауызсу станциясының екі резервуары мен сорғы станциясының құрылысын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Каптаж», «Бастау» тоғандары мен «Медеу» сүзгі станциясынан келетін судың осы резервуарларда жинақталып, зарарсыздандырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тазаланған ауызсу арнайы орнатылған сорғылардың көмегімен Каменское плато, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау шағын аудандарының магистральды желілері арқылы таратылады.
Сонымен бірге мемлекет басшысына Алматы қаласын сумен қамту желісінің қазіргі жай-күйі мен даму жоспары туралы баяндалды.
Президенттің тапсырмаларын орындау аясында қала әкімдігі былтыр жаңадан 117 шақырым сумен қамту желісін салып, 46 шақырым су құбырын жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Бұл шаралар Алматы халқының 99,3 пайызын сумен қамтитын орталық желіге қосуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 142 шақырым су құбырын тартып, 48 шақырым желіге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жыл соңына дейін тұрғындардың 99,6 пайызына су жеткізіп, желілердің тозу деңгейін 53,8 пайызға дейін төмендетуге септігін тигізеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Медеу ауданының 50 мың тұрғынын сумен қамтудың қосалқы схемасын іске қосу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Ал Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының халқын сумен тұрақты әрі сапалы түрде қамтамасыз ету үшін екі тоған салынып жатыр және тағы екеуінің жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, биыл Қарғалы тоғанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл нысан Наурызбай ауданының 50 мың тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді. Келесі жылы Ақсай тоғанының құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ол Наурызбай ауданындағы 100 мың тұрғын мен Алматы облысының Қарасай ауданындағы 15 мың тұрғынның суға қатысты мәселесін шешуге септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар былтыр Алматы қаласының Медеу ауданында болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын ескертті.
Елімізде су тапшылығы бар. Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет. Алматының тұрғындары ауызсудың тапшылығына жиі шағымданады. Сондықтан кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек, – деді президент.
Бүгін президент Алматы қаласына жұмыс сапарында Footlab футбол орталығының қызметімен де танысты. Оған жаңа орталықтың серпінді режимде жұмыс істей бастағаны туралы мәлімет берілді.