Астана қаласының тұрғыны 111 рет жол ережесін бұзған
Жүргізуші 2,5 млн теңгеден астам айыппұлды төлемей жүрген
Жамбыл облысының полицейлері 111 рет жол ережесін бұзған астаналық жүргізушіні ұстады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, полиция қызметкерлері Тараз қаласының көшелерін патрульдеу кезінде «Қорғау» жүйесінің көмегімен Kia Rio автокөлігінің жүргізушісін жолда тоқтатып, оның 111 рет жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзғанын анықтаған.
Көлік жүргізушісінің Астанада, Таразда және еліміздің басқа өңірлерінде 111 рет жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзып, 2,5 млн теңгеден астам айыппұлды төлемей жүргені белгілі болды. Ол көбіне жылдамдықты асырып, камераға түсіп отырған.
Жүргізушінің автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
«Қорғау» мобильді қосымшасында Ішкі істер министрлігінің аппараттық-бағдарламалық кешендері мен мобильді қосымшалары біріктірілген. Ондағы мәліметтер полиция қызметкерлерінің планшеттеріне түседі. Бұл нақты уақыт режимінде сақтандыру полисінсіз пайдаланылатын жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін, бағыттамалар бойынша іздестірілетін көліктер, соның ішінде айыппұл бойынша берешегі бар жол ережесін қасақана бұзушыларды және тағы басқа бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.