Алматыда көпқабатты үй тұрғындары бір-ақ күнде саяжай жалдап кеткен

Еркеғали Болатұлы

Сұраныс көбейіп, баға да өзгеріске ұшырады, - дейді риелторлар

фото: pro-dachnikov.com

Жер сілкінісінен кейін Алматыдағы жер үйлерге сұраныс артқан. Небәрі бір күннің ішінде саяжай мен жеке сектордағы баспаналарды тәулігіне жалға алғандардың саны 4 есе артқан. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Алматыда негізі тәулігіне, айына жалға берілетін баспаналар жетіп-артылады. Ұсыныс көп. Бірақ соңғы уақытта бұл нарықта сұраныс айтарлықтай мәз болмаған еді. Жер сілкінісінен кейін жалдау процесі қайта жанданған. Өйткені жоғары қабатта дүмпуді әлдеқайда қаттырақ сезген тұрғындар өз үйін жаппай тастап кеткен. Қалтасы қалыңдар бірден жалға берілетін жер үй мен саяжайларды іздеп кетіпті. Сәйкесінше, сұраныс көбейіп, баға да өзгеріске ұшырады дейді риелторлар.

Мысалы, мен жаңа жылға дейін 115 шаршы метрді 700 мың деп қойған едім, 7 қабатты үйдің 2-қабаты. Жер сілкінісі болмай тұрып мен оны өткізіп тастаған едім, 600 мыңға. Енді жер сілкінісі болғаннан кейін адамдар хабарласты. Бәрі қаша бастаған. Жер үйлерге де бағаны өте қымбат қойып қойған. Мысалы, 1,5 миллион деп тұрған үйлерді 2 миллион деп қойған. Миллионға өткізе алмағандар қазір 1,5 миллион деп қойған, - дейді риэлтор Қуаныш Шәріпов

Үйдің құны әлі де өзгеретінін шетелдік тәжірибеге сүйенген мамандар да айтып отыр. Яғни көпқабатты баспаналардағы пәтер бағасы арзандап, жер үйлердің құны өсуі мүмкін. Бірақ бұл – уақытша құбылыс, нарық реттелген соң бәрі қалпына келуге тиіс.

Қысқаша мерзім ішінде пәтер бағасы 10-20 пайыздың арасында болуы мүмкін. Ал жер үйдің бағасын өсірсе, 10 пайыз өсіруі мүмкін. Өткен жылы Түркияда болған жер сілкінісінде қысқаша мерзімде сұраныс азайып кетті. 3-4 ай өткеннен кейін сұраныс ақырын орнына келді. Айтарлықтай түсті деп айтуға болмайды, - дейді бағалаушы Бауыржан Бектаев.

Қазір жер үйлер мен төменгі қабаттағы пәтерлердің саудасы қызып тұр. Сұраныс артқан сайын баға шарықтайды. Бұл – заңдылық. Бірақ сол сұраныстың қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды.