Ұлытау облысында тепловоз 30-ға жуық киікті соғып кетті
Одан басқа, 51 киіктің өлексесі табылды
Ұлытау облысында 50-ден астам киік қажып өлсе, тағы 25 киікті тепловоз соғып кетті, деп хабарлады Zakon.kz.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметіне қарағанда, 19 қаңтарда «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары Қоскөл ауылдық округінің әкімдігі, Ұлытау аудандық полиция басқармасы мен Ұлытау ауданының ветеринариялық станциясының өкілдерімен бірігіп, рейд жасағанда Қоскөл кентінен солтүстікке қарай 25 шақырым жерден 51 киіктің ұшасын (50 аталық, 1 аналық) тапқан.
Киіктердің өлекселерін тексеру кезінде олардың күйлеуден кейін қалжырап барып жан тапсырғаны анықталды. Ұшаларда атылған оқтың іздері жоқ, – делінген хабарламада.
Комиссияның шешімі бойынша киіктердің ұшалары анықталған жерде өртеліп, тиісті акт жасалып, видео және фотоға түсірілді.
20 қаңтарда Жаңарқа ауданы маңындағы Шұбаркөл-Қызылжар теміржолының бойында киіктердің бірнеше ұшасы жатқаны туралы ақпарат тарады. Ақпаратты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары тексерген кезде 25 киіктің өлген фактісі расталды. Материалдар Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының ПБ-не жіберілді. Киіктердің өліміне тепловозбен соқтығысу себеп болған.