Мамандар жалпы 10 мыңнан аса адамға іздеу жарияланған
Елімізде екі мыңнан аса адам хабар-ошарсыз кеткен. Мұндай ақпаратты Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жариялады. Жалпы ел бойынша мамандар 10 178 адамды іздестіріп жатыр, оның 2 098-і хабар-ошарсыз кеткен.
Жоғалған адамдардың көп бөлігі Алматы қаласы (278 адам), Қарағанды облысы (217 адам), Павлодар облысы (170 адам), Алматы облысы (152 адам) тіркелген.
Ресми ақпарат бойынша, 1 572 адам үйден кетіп, оралмаған. 73 адам автокөлікпен шығып, келмеген. 38 адам жұмыстан шыққалы хабар жоқ.
Мамандар көп жағдайда 30-49 жас аралығындағы ер адамдардың әртүрлі жағдайда жоғалатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ елде тергеу мен соттан жасырынған 2 378 адам іздестіріліп жатыр. олардың 89%-ы – 31-40 жас аралығындағы ер адамдар.
Алаяқтық бойынша 526 адам, ұрлық бойынша 309 адам және кісі өлтіру дерегі бойынша 143 адам іздеуде жүр.