Оның материалдары құзырлы органдарға тексеруге жіберілді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Кездесуде Алматыда қуатты жер сілкінісі жайлы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесіне қатысты сұрақ қойылды.
Еске сала кетсек, 22 қаңтардан 23 қаңтарға қараған түні Алматы қаласының тұрғындары жер сілкінісі кезінде ескерту хабарламасы болмағанына шағымданған болатын. Сиреналар қосылмай, SMS тек 2 сағаттан кейін ғана келген еді. Осыған байланысты «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов әлеуметтік желіде жазба жариялап, күшті жер сілкінісін алдын ала хабарлайтын автоматтандырылған жүйені ұсынатын компания еліміздің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі екенін, төтенше жағдайлар департаменті осы компаниядан жер сілкінісі жайлы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін сатып алғанын, алайда оның халыққа ескерту хабарлама бермегенін айтты.
Брифингте осы мәселеге қатысты сұраққа Антикордың ресми өкілі «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне өтініш түскенін, оның тіркелген материалдары құзырлы органдарға тексеруге жіберілгенін атап өтті.
Бұл ақпарат туралы біліп отырмыз. Біз әріптесіміз Дидар Смағұловтың да әлеуметтік желіде жариялаған постын оқыдық. Бәрінен хабардармыз. Осы факті бойынша «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне өтініші түсті. Арыз тіркелді. Оның материалдары құзырлы органдарға тексеруге жіберілді. Оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – деді ресми өкіл.
Сонымен бірге кездесуде өңірлерде сақалды құрылысқа айналған құрылыс нысандары, агенттіктің жедел-тергеу қызметі мен аяқталған қылмыстық істер бойынша үкімдері туралы мәлімет берілді.