×

Депутат елімізде кальянды қолдануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеуді ұсынды

Тұрлыханов денсаулық сақтау министрлігі кальянның құрамына сараптама жүргізуге тиіс деп санайды

 Халық үні 24.01.2024 | 12:55
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов елімізде кальянды қолдануға тыйым салуға бағытталған заң жобасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазір арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз, - деді депутат.

Айтуынша, оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Алайда оған бақылау жүргізілмейді.

Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты. Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізіп жатыр, - дейді депутат.

Соған байланысты Дәулет Тұрлыханов бірнеше ұсыныс айтты.

Бірінші. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.

Екінші. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуге тиіс.

Үшінші. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама