Әртүрлі операторлар, делдалдар, агенттер қаптап жүр
Мәжіліс депутаттары Үкіметтен жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын тағы жеңілдетуді сұрап отыр. Себебі қазір бағдарлама айналасында делдалдар қаптап жүрген көрінеді.
Жалпы, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бізде 2015 жылдан бері бар. Ал депутаттар «жауапты операторлар жаңа жоба ойлап тапқандай болып жүр» деген пікірде. Мәжілісмен Айқын Қоңыровтың айтуынша, ештеңе ойластырудың қажеті жоқ, тек ұйымдастыру жағын мықтап қолға алған жөн. Сондай-ақ «Үкімет халықтың сұранысын орындамай отыр» дейді ол.
Депутаттар автосалондарда көліктің жетіспеушілігін де жасанды әрекет деп түсінеді.
«Үкімет жақсы нәрсе істегісі келді, бірақ бәрі керісінше болды. Жеткізу, өндіру, сату, кәдеге жарату жұмыстарына кірісіп, шаруасын шешкісі келетіндердің саны өсіп жатыр. Бұл схема айналасында әртүрлі операторлар, делдалдар, агенттер қаптап жүр», - дейді Айқын Қоңыров.