Құжаттар деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдарға берілген
Қарағанды облысы прокуратурасының тапсырмасы бойынша жеке медициналық ұйымның қызметі тексерілді.
Еңбек мигранттарына жұмысқа орналасу үшін 075/Е нысанындағы 700-ден астам жалған медициналық анықтама беру фактілері анықталды. Жекелеген жағдайларда жалған анықтамалар деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдарға берілген. Олардың аты-жөні анықталып, ел аумағынан шығарылды.
Медициналық орталықта медициналық тексеруден өтуді растайтын құжаттама, сондай-ақ оны жүргізуге қажетті жағдайлар болмаған. Медициналық ұйымның заңсыз қызметі азаматтарымыздың қоғамдық денсаулығына қауіп төндірген.
Қарағанды облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті медициналық ұйымның кінәлі тұлғаларына қатысты әкімшілік шаралар қабылдады. Ұйымның қызметін тоқтата тұру туралы нұсқама берілді», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстық істі тіркеді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.