×

Елордалық келіншек полицияға 25 рет жүгінсе де бұрынғы күйеуінен әлі таяқ жеп келеді

Ажырасқандарына 6 жыл өткенмен кекшіл күйеуі оны аңдып жүріп ұстап алуын қоймаған

 Еркеғали Болатұлы 24.01.2024 | 10:25
фото: видеодан скриншот

Бұрынғы күйеуінің ұрып-соққанынан шаршаған астаналық Таңшолпан Керімова көмек сұрайды. Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі күндіз терезесіне тас лақтырса, түнде оқ атудан тайынбайды екен. 25 рет хаттама толтырылса да полиция «қылмыс құрамы жоқ» деген сылтаумен оны жауапқа тартпай отыр. Бұл туралы толығырақ КТК телеарнасы хабарлады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтыламын деп ажырасып кеткеніне 6 жылдың жүзі болса да Таңшолпан күйеуінің өктемдігін әлі күнге дейін көріп келеді. Тіпті Тараздан Астанаға қоныс аударған.

Үйімнен, жұмысымнан шыға алмай қалдым. Мұрнымды сындырғанына байланысты қылмыстық іс қозғалып, кейін тоқтап қалды. Учаскелік полицей «Ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрған жоқпыз» дейді. «Өткенде мұрнымды сындырды ғой» десем, «ол өтіп кетті ғой» дейді, – деп отыр Таңшолпан Керімова.

Келіншек шаңырақ көтергелі ішкі істер органдарына 25 рет жүгініпті. Айтуынша, түрлі себеппен іс жылы жабылып, құзырлы орган өкілдері хаттама толтырудан әрі аспайды екен. Тек бірнеше рет қансырап жатқан келіншекті көрген учаскелік полицей күйеуін 10 тәулікке қамаған.

Қайтемін енді? Өліп қалу керек пе? «Ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрғанымымыз жоқ, келсе 102-ге хабарласыңыз» дейді. Оның анасы бұрын полиция департаментінде жұмыс істеген. Таразда мен ешқандай әділдік таппадым ғой. Таразда барлық істен сол кісі құтқарып отырды. Мамасы сол жақта істегеннен кейін мен ешқандай әділдік таппадым, - дейді Таңшолпан Керімова.

Абақтыдан шыққан соң бұрынғы күйеуінің ашуы тіпті үдей түскен. Не жұмысына, не далаға шыға алмай қалған келіншек қазір 2 қызымен елордадағы дағдарыс орталықтарының біріне жайғастырылған.

Осындай әйелдер жиі келіп түседі. Көбіне күйеулері қол көтереді. Психологиялық жәбір көрсетеді. Бұл орталықтың істегеніне 10 жыл болды ғой. Осы уақыт ішінде 2 300-ден астам адам түсті. Бірақ жыл сайын адам саны көбейіп келе жатыр, - дейді Астана қаласы дағдарыс орталығының психологы Жұлдыз Аймағамбетова.

Алматы ауданының учаскелік полицейлері соңғы рет келгенде, әдеттегідей тек әкімшілік іс қозғап, 10 тәулікке қамаған. Ал қылмыстық іс ашуға құрам таппайды.

«Аталған факті бойынша құқықбұзушылық анықталып, күдікті Алматы ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Бұған дейін қала тұрғыны жүгініп, жанжал шығарып, оны қудалап жатқан бұрынғы жұбайына қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірген болатын. Полиция қызметкерлері әкімшілік іс қозғады», – деді Астана қаласының ПД ресми өкілі Гүлмира Шырахметова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама