Halyq Uni логотип
×

Министр де, мүфтият та қарсы емес: Қазақстанда мәйіт донорлығы неге мүшкіл хәлде?

Заңнамаға қашан өзгеріс енетіні белгісіз

 Ая Өміртай 23.01.2024 | 15:13
Министр де, мүфтият та қарсы емес: Қазақстанда мәйіт донорлығы неге мүшкіл хәлде?
көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстанда ағза донорлығына мұқтаж адамдар саны көбейіп барады. Қазір науқастардың дені қажет адам ағзасын шет елдерден сатып алуға мәжбүр. Сарапшылар жағдайдың күрделенуіне қолданыстағы жаңа кодекс кедергі болып отырғанын айтады.

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният журналистердің сұрағына жауап беріп, мәйіт доноры болуға дайын екенін айтты. Ол өзін 2012 жылдан бастап Қазақстанда трансплантологияның дамуымен айналысқан министрлік мамандарының бірі екендігін айтады. Министр бұл бағытта ведомство тарапынан ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атаған. Осыдан соң қоғамда мәйіт донорлығы мәселесі қайта талқылана бастады.

МӘЙІТ ДОНОРЛЫҒЫ МҮШКІЛ ЖАҒДАЙДА

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 4 мыңнан астам науқас ағза трансплантациясына мұқтаж.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің пікіріне сүйенсек, Қазақстанда мәйіт донорлығы мүшкіл жағдайда тұр.

Біз АҚШ-тан 304 науқасқа көздің қасаң қабығын жеткізу туралы келісімге қол қойдық және 93 операция жасалды. Ал бұл жоба мәжбүрліктен туып отыр. Заңды өзгерту арқылы ғана бұл мәселе шешіліп, барлық мұқтаж жандар АҚШ-қа жүгінбей-ақ осы қабықты алуға болатын еді, - дейді Жәмішев баспасөз жиынында.

«АДАМ АҒЗАСЫН САУДАЛАУ – БОС ӘҢГІМЕ»

Танымал трансплантолог, хирург Жақсылық Досқалиев те донорлыққа мұқтаждар саны күннен күнге артып бара жатыр деген пікірде. Хирург Қазақстанда трансплантологияның дамуының тежелу себебін трансплантолгтар Ғани Құттымұратов пен Абылай Донбайға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланыстырады.

«Бұл – қабылданған екінші кодекс. Бұрынғы кодексте адам тірі кезінде келісім беретінін немесе қарсы екенін рәсімдемесе, қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер оның ағзалары мен тіндерін транспланттау мақсатында ала алатын. Халықаралық деңгейдегі дамыған елдерде «келісім презумпциясы» бекітілген. Бірақ 2018 жылы екі трансплантолог істі болып, үлкен шу шықты. Сол кезде жаңа кодексте адам тірі кезінде донор болуға ерік білдірмесе жұбайы мен жақын туыстарының бірі ағзасын алуға өзінің келіспейтіні туралы жазбаша мәлімдеуге құқылы деп өзгертілді. Марқұмның туыстары көбінде рұқсат беруден бас тартып жатады. Сондықтан мәйіттен алынатын ағза саны азайып кетті, ал мұқтаждар саны көбейіп барады», - деді Жақсылық Досқалиев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Дәрігер Жақсылық Досқалиев ағза трансплантациясына қатысты бұрынғы жүйеге қайта оралу қажет деп санайды. Әрі Қазақстанда трансплантолог мамандар мен қажетті техникалық жабдықтар да жеткілікті. Ал адам ағзасын саудалауға қатысты күмән орынсыз деген пікірде.

Ағза саудасы болуы мүмкін деген – алып қашпа, бос әңгіме. 2009 жылы заң қолданысқа енгелі бері ешқандай адам ағзасы саудаланған жоқ. Дамыған елдерде осы тәсілмен қызмет атқарып жүр. Яғни, Испания, Италия сияқты Еуропаның дамыған елдері. Тіпті ТМД елдері арасында Беларусь тәжірибесі алдыңғы орындарда. Қазір 4 мыңға таяу мұқтаж адамдар бар. Бұл – іріктеп алынған адамдар саны ғана. Шын мұқтаждар саны одан да көп. Олар да өмір сүргісі келеді. Оларға да көмек берілуі керек, - дейді хирург.

Экс-министрдің айтуынша, Қазақстанда қазір 8 жерде ағза ауыстыра алады. Мәселен, жүрек трансплантациясы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асырылады.

ДІНИ БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да трансплантация жасаудың шариғаттағы үкімін бекіткен.

Жалпы трасплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда, бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат болып табылады, деп көрсетілген мүфтият сайтында.

Айта кетелік, Қазақстанда 2020 жылдың шілдесінен бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс күшіне енді. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы орган трансплантациясына ресми келісім беруі немесе бас тартуы керек. Егер адам тірі кезінде өлгеннен кейін ағзасын алудан бас тартуды ресімдемеген болса, оның туыстары қайтыс болған адамның органдарын трансплантациялауға келіспейтінін мәлімдей алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама