Алматыда жер сілкінісі кезінде сирена қосуға қажеттілік болмаған – ТЖД
Қалада бірнеше рет жер сілкінді
Алматыда жер сілкінісі кезінде сирена қосуға қажеттілік болмаған. Қаланың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, сирена жер сілкінісі 5,5 балдан жоғары болған кезде ғана қосылады.
Жер сілкінісін анықтайтын станциялар 5,5 балдан жоғары дүмпуді тіркесе ғана сирена қосылады. Бізде 4-5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Сол себепті сирена қосуға қажеттілік болмады. Одан адамдар дүрлігіп кететін еді, - дейді Нұрлан Атығаев.
Айта кетейік, Алматыда 22 қаңтардан 23 қаңтарға қараған түні бірнеше рет жер сілкінді. Алғашқысын қала тұрғындар 23 қаңтар cағат 00:05 шамасында сезді.
«Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сағат 00:42-де екінші жер сілкінісін тіркеді.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жер сілкінісі салдарынан 8 адам зардап шеккен.