Ұлытау облысында кірпіш зауыты бес ай бойы жұмыс істемеген
Прокуратура 1,5 млрд теңгеге кәсіпорынды салған инвестордың құқығын қорғады
Ұлытау облысында кірпіш зауытының жұмысы 5 ай бойы заңсыз тоқтатылған. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті кәсіпорынға қызмет етуге рұқсат бермеген. Осыған байланысты Ұлытау өңірінің прокуратурасы іске араласып, «Талап 2023» ЖШС-не саз өндіруге лицензия берген. Осылайша, облыстық прокуратура 1,5 млрд теңгеге кірпіш зауытын салған инвестордың құқығын қорғады.
Инвестор зауытты шикізатпен (балшықпен) қамтамасыз ету үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне «Талап» кен орнында саз өндіру жобаларын келісу туралы өтініш жолдаған. Алайда департамент инвесторға саз өндіру жұмыстарын мақұлдаудан негізсіз бас тартқан. Сондықтан Жезқазған қаласында салынған кірпіш зауыты 5 айдан астам уақыт қажетті шикізатсыз тұрған. Облыс прокуратурасының араласуынан кейін инвесторға саз өндіруге лицензия беріліп, оның бұзылған құқығы қалпына келтірілді, – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Қадағалау органы инвесторларға жобаны іске асыруда проблемалар туындаса, облыс прокуратурасының кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ арқылы прокуратураның қызметкерімен тікелей байланыса алатынын хабарлады. Байланыс нөмірі: +77781991100.