Ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
Күршім ауданына қарасты бірнеше ауыл әлі қар құрсауында жатыр, деп хабарлады Altaynews.kz.
Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, Төсқайың, Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз, Шанағаты жолдары ашылмаған. Салдарынан тебіндегі жылқыларға жем-шөп жетпей жатыр. Осыған байланысты көрші аудандар мен кейбір ауыл көмектесуге кіріскен. Алайда аудан тұрғындары көмекке берілген жем-шөпті тасуға техника жоқ екенін айтады.
Бүгін облыс әкіміне хат жазып, жем-шөп және техника беріп көмектесуін сұрадық. Зайсан, Күршім аудандарынан және ауылдағы жұрт артық жем-шөбін беріп жатыр. Оларды жол ашылған ауылдарға тасуға техника болмай отыр. Қазір Қалжыр ауылынан 60-70 қап жем алып, Қайнарлы және Қарой, Ақжайлау ауылдарына жеткізгелі жатырмыз. Мұның барлығын өзіміз ұйымдастырдық, – деді Қуаныш ауылының белсендісі Қайырхан Қазыбекұлы.