Қымбат Досжан: «Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының 80 пайызы – ұл» (ВИДЕО)
Олар үшін қазақтың жеті атаға дейінгі қанының тазалығы – басты критерий
Белгілі журналист, «Қазақ радиосындағы» «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Досжан «Сұрауы бар» Youtube-арнасына сұхбат беріп, елімізден шетел асқан қазақтың қаракөз балаларына қатысты біраз шындықтың бетін ашты.
Алдымен ол сұхбаттың негізгі өзегі болған Бельгия азаматы, кезінде Арқалық қаласынан шетелдік жалғызбасты әйелдің асырауына берілген Жәнібек Мұратұлы Жұмағұловтың (қазіргі есімі – Эдди Жан, бірақ өзін «Мұрат» деп атап жүр) мәселесіне кеңірек тоқталды. Айтуынша, 2002 жылдың қаңтар айында Арқалық қаласының өзінде 53 бала дүниеге келген екен. Бірақ ол – перзентханадан үйлеріне шығарылған балалар. Перзентхана өкілдері шетінеген нәрестелердің бөлек журналға тіркелетінін алға тартқан. Алайда сол журналды қалаға арнайы барған Қымбат Досжан да көре алмай кетіпті.
Қазір Жәнібектің анасының 1,5 ай бойы табылмағаны біраз былықтың бетін ашып жатыр. Егер Жәнібек осында жүргенде анасын тауып, екеуін кездестіріп, «Сау бол! Енді келіп тұр» деп қала салуға болар еді. Ал анасы табылмағандықтан, біз тереңге кеттік. «Бұл баланың перзентханада ауыстырылуы мүмкін» деген ой келгендіктен, құзырлы органдарға арыз беріп отырмыз. Сосын бұл үлкен мемлекеттік деңгейге жетті, - дейді әріптесіміз.
Еске сала кетсек, сенатор Дархан Қыдырәлі Парламентте 1999-2011 жылдар аралығында Қазақстаннан 8 805 баланың шетел асқанын мәлімдеген еді. Қымбат Досжан осы мәселеге де өз пікірін білдірді.
Меніңше, бұл – шетелге кеткен балалардың жартысы ғана, ресми статистика. Мәселе өте тереңде жатыр. Саны одан да көптеу болуы керек. Өйткені біз бір ғана Арқалықтың өзінде ұл балалардың көп тасталғанына көз жеткіздік. Жалпы статистиканы қарасақ, ұл балалар көбірек дүниеге келеді екен, - дейді ол.
Айтуынша, Жәнібек 1996 жылы күйеуі қайтыс болған жалғызілікті әйелге берілген. Ал бұған дейінгі заңдарда да, қазіргі заңда да асырап алушы тарап толық отбасы болуы керек.
Ол – шетелдің адамы. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін бірнеше рет депрессияға түскен. Ісін қарап отырсақ, «Бельгия азаматы. Кішкентай қалада тұрады. Тұрмыстық жағдайы жақсы» деген бір бет қана қағаз бар. Ондай қағазбен біздің елде өз қазағың бала асырап ала алмайды. Том-томдап қағаз жинайды. Айлап-жылдап кезекте тұрады. Сондай-ақ сенің отбасыңа келіп, тоңазытқышта қандай тамақ бар екенін қарауға дейін барады. Ал шетелдегі депрессиялық күйге түскен, биполярлы бұзылыс жағдайында психикалық ауытқушылығы бар әйелге 2 жастан енді асқан баланы оп-оңай жетектетіп жібереміз, - дейді Қымбат Досжан.
Қазір «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының хат алмасуға арналған арнайы телефон нөміріне аноним хабарламалар жиі түседі екен. Солардың біреуінің жазуынша, Жәнібек шетелдіктің асырауына берілген 2000-жылдардың басында «Арқалық қаласындағы перзентхана, балалар үйінде жұмыс істейтіндердің қолында пачка-пачка доллар жүретін» болған.
Елімізде 2018 жылы 1 738 жетімдер үйі болған. Ал 2022 жылы оның саны 511-ге дейін азайған. Бірақ жыл сайын жетімдер үйі азайғанмен, жетім балалардың саны көп. Бір таңқаларлығы, тастанды ұл бала көп. Сосын шетелге асыранды бала ретінде кеткендердің 80 пайызы – ұл. Арқалық қаласынан алған тізім бойынша өзге ұлт өкілдері жоқтың қасы. Мысалы, 50 баланың ішінде 1 ғана басқа фамилия жүруі мүмкін. Қалғанының бәрі – қаракөздер, - дейді Қымбат Досжан.
Оның себебін сұрағанда, әріптесіміз шетелдіктер үшін қазақтың жеті атаға дейінгі қанының тазалығы басты критерий болып тұрғанын жеткізді. Сондықтан олар біздің елге тек қазақ ұлтының асыл текті тұқымын алуға келетін көрінеді.
Қазір шетел асқан 10 мыңға жуық қаракөздің ішінен болашақта Нобель сияқты беделді сыйлық иеленетін деңгейдегі тұлға шықса, мына жақта жетімін сатқан жұрт ондайда жақсының бәрін өзіне қабылдап, бөркін аспанға атып қуана қояды, - дейді Қымбат Досжан.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.