Африка елдеріне қазақ балаларын асырап алуға жол берілмейді – СІМ
Бүгінде шетелдіктер асырап алған 2 мыңға жуық бала консулдық есепте тұр
Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров Сенат депутаты Дархан Қыдырәлінің сөзін жоққа шығарды. Бұған дейін сенатор Оңтүстік Африкадағы 30 баладан, АҚШ-тағы 104 баладан, Белгиядағы 113 баламен байланыс үзілгенін айтқан еді.
Айбек Смадияровтың айтуынша, балаларды асырап алған шетелдіктер консулға есеп беріп тұруы керек.
Біріншіден, шетелдіктер асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан азаматы болып саналады. Біздің шетелдегі консулдар арнайы бағдарлама бойынша оларды бақылап көмектеседі.
Бірақ 18 жасқа толғаннан кейін бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. Ол 18 жасқа толғанға дейін сол елдің азаматтығын алса, біз ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Себебі, бұл – оның шешімі. Алайда (қазақ балалары) 18 жасқа толғанға дейін оларды асырап алған (шетелдік) ата-аналар консулға есеп беріп тұруы керек, - деді ресми өкіл СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
СІМ өкілі сенатордың «Шетелдіктер асырап алған балалар туралы ақпарат жоқ» деген сөзін жоққа шығарды.
«Өйткені, біз (шетелдіктер асырап алған) барлық бала бойынша ақпаратты жинаймыз. Мысалы, кейбір кезде олар бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшуі мүмкін. Мұндай жағдайда ақпарат болмай қалуы мүмкін.
Сондай-ақ «Қазақ балаларын экзотикалық елдерге алып кетті» деген де ақпаратты оқыдым. Бұл да шындыққа жанаспайды. Себебі, Қазақстанда 1990 жылдары балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне беретін талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Олар асырап алған. Ондай елдерге (Африка елдеріне – авт.) біз балаларды бермейміз. Қазір 18 жасқа толмаған 1 993 бала консулдық есепте тұр», - деді Айбек Смадияров.
Журналист «Сенатор Дархан Қыдырәлі Африка және тағы басқа елдердің азаматтары асырап алған 100-ден аса баладан хабар жоқ деп мәлімдеме жасады. Ол ақпарат рас па?» деп сұрағын нақтылады.
Ол ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, біз Африка елдеріне балаларды (асырауға) берген жоқпыз. Ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді СІМ ресми өкілі.