Алматы облысында заңсыз жұмыс істеген казинодан қомақты қаржы тәркіленді
Ғимараттан 225,5 млн теңге, 15 мың еуро, 38,5 мың доллар анықталды
Қапшағайда заңсыз жұмыс істеген онлайн казино анықталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Экономикалық қылмысты ҚМА Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлері анықтады.
Заңсыз жұмыс істеген онлайн-казино «Макао» казиносының ішінде болған. Ол Қапшағай қаласында орналасқан. Онда ойыншыға жеке басын анықтаусыз, заңдағы ережелерді бұза отырып, спорттық іс-шараларға бәс тігуге, ойын үстелдері мен рулеткаларда ойнауға мүмкіндік берілген.
Биыл 17 қаңтарға қараған түні басқарманың жедел-тергеу тобы аталған казиноға тінту жүргізді. Нәтижесінде 225,5 млн теңге, 15 мыңнан аса еуро (7 млн 374 мың 568 теңге, 1 еуро – 491,64 теңге), 719 мың рубль (3 млн 668 мың 67 теңге, 1 рубль – 5,10 теңге), 34 мың юань (2 млн 159 мың 636 теңге, 1 юань – 63,52 теңге) және 38,5 мың доллар (17 млн 397 мың 33 теңге, 1 доллар – 451,87 теңге) ұялы телефондар, бухгалтерлік құжаттар, жүйелі блоктар, ресивер, бейнекамералар, мониторлар, флэш-карталар, серверлер мен бейнетіркегіштер табылып, тәркіленді.
Тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша басқа ақпарат жарияланбайды.