Грузияда Қазақстан азаматы ұсталды
Күдікті 10 жылдан 15 жылға сотталуы мүмкін
Бүгін Грузиядан Қазақстан азаматы экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратура.
Бұл азамат Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Сыртқы істер министрлігі мен ІІМ Интерполының көмегімен ұсталды.
Оған мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері бола тұра, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункті арқылы ауыр жүк көліктерінің кедергісіз өтуіне көмек көрсеткені үшін кәсіпкерлерден 37,5 млн теңге көлемінде пара алған деген айып тағылып отыр. Содан бері ол тергеуден жасырынып, Грузияда бой тасалап жүрген.
2023 жылы күдікті қазан айында Грузияда ұсталды. Оған дейін күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Күдікті енді 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ ол қылмысы үшін бар мүлкі тәркіленіп, өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылады.