Halyq Uni логотип
×

Министр Олимпиада қалашығындағы спортшылардың жағдайымен танысты (ВИДЕО)

Ермек Маржықпаев отандастарымыз орналасқан бөлмелерді аралап, жалпы жиналыс өткізді

 Дастан Жұмабекұлы 19.01.2024 | 10:16
Министр Олимпиада қалашығындағы спортшылардың жағдайымен танысты (ВИДЕО)
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы Канвон провинциясының Каннын қаласындағы Олимпиада қалашығына барып, спортшылар және жаттықтырушылармен кездесті.

Ермек Маржықпаев IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға келген спортшыларымыз орналасқан бөлмелерді аралап, жалпы жиналыс өткізді.

Бәріңізді осында, жарыс өтетін жерде көргеніме қуаныштымын. Қаншама қонақ пен спортшылардың келгенін өздеріңіз көріп жатсыздар. Барлығы 70-тен астам елден 1 800-ге жуық спортшы бар. Сіздерге күнделікті тынымсыз еңбектің арқасында осында келудің сәті түсті. Отбасыларыңыз, жанкүйерлер мен бүкіл Қазақстан сіздерге көз тігіп, қолдау көрсетіп отыр. Айтарым, тек қана алға! – деді Ермек Маржықпаев.

Осыдан кейін Олимпиадаға дайындық бойынша штабтың басшысы министрге делегацияның жұмысы туралы баяндады. Делегация өкілдері қазір Қазақстаннан келетін спортшылардың екінші кезегін қалашыққа орналастыру, жаттығу кестесін үйлестіру бойынша жұмыс істеп жатыр.

Жиыннан кейін Ермек Маржықпаев делегацияның жауапты өкілдеріне командаға барлық жағдайды жасауға атсалысуды тапсырды.

Айта кетейік, IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі бүгін 19 қаңтарда Каннын қаласындағы конькимен жүгіру спорт кешенінде (Gangneung Oval) болады. Ал жабылу салтанатын 1 ақпанда Gangneung Olympic Park спорт кешені қабылдайды.

Канвон-2024 ойындарына 14-17 жас аралығындағы әлемнің 80-ге жуық елінен келген 1 800 спортшы қатысады. Мұнда 7 спорт түрінің 15 бағдарламасы бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның намысын 5 спорт түрінен 41 атлет қорғайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама