Президент Италияның ірі кәсіпорын басшыларымен кездесті

Дастан Жұмабекұлы

Қасым-Жомарт Кемелұлы инвесторларға еліміз туралы қызықты мәлімет берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Италияға ресми сапары кезінде осы елдің ірі кәсіпорын басшыларымен кездесті.

Алдымен ол Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Eni компаниясы арасындағы өткен жылғы ынтымақтастықтың нәтижелері және алдағы ықпалдастықтың әлеуеті қарастырылды.

Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тонна болды.

Президенттің пікірінше, Қазақстан Үкіметі мен консорциумның барлық қатысушысының, соның ішінде Eni компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында осындай нәтиже көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр станцияларының құрылысына қатысты жүзеге асырылған жобаларға жақсы баға берді.

Сонымен қатар мемлекет басшысына италиялық компанияның Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр станциясын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіру жоспары туралы мәлімет берілді.

Одан кейін президент Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Бернинимен кездесті.

Жүздесуде энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыға салынды.

Мемлекет басшысы компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде мол тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ оның 45 елде кең көлемде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға және жасыл технологияларды дамытуға бағытталған Maire Tecnimont компаниясының маңызды жоспарына зор қызығушылық танытып отыр. Себебі еліміз Париж келісімі аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдады және өндірісте үздік технологияларды енгізуге ұмтылады.

Алессандро Бернини Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның әлем бойынша іске асырып және әзірлеп жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты.

Мемлекет басшысы компанияның елімізде газ-химия кешенін салуға қатысу ниетін оң бағалады. Maire Tecnimont компаниясымен Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысының екінші кезегінің полимерлеу учаскесін жобалау жөніндегі шартқа өткен жылдың сәуір айында қол қойылды.

Келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттаццимен жүздесті.

Кездесуде азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Президент Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін атап етті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.

Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, Алматы – Милан бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр.

Президент NEOS әуе компаниясымен ынтымақтастық Қазақстандағы азаматтық авиация мен көлік-логистика салаларын дамытуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

NEOS компаниясы 2001 жылы құрылған. Оның негізін италиялық Alpitour S.p.А. және германиялық TUI Group туристік компаниялары бірге қалады. Ол Италияның ең ірі жеке авиакомпанияларының бірі ретінде 70-тен астам бағытқа тасымал жасайды. 2022 жылы компанияның табысы 640 миллион АҚШ доллары болды.

Сонымен бірге президент Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьонимен әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерико Веккьони Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары туралы әңгіме қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі, сондай-ақ ел ішінде астық өңдеу үлесін арттыруды жоспарлап отыр.

Өз кезегінде Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты.

Мемлекет басшысы Үкіметтің компанияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар италиялық компания интенсивті бау-бақша шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.