Назарбаев даңғылында төбелескен ерлі-зайыптының екеуі де жазаға тартылды
Олар бір-бірінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген
Павлодарда ерлі-зайыпты арасында туындаған отбасылық жанжал төбелеске ұласқан. Бір-бірінің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін күйеуі де, әйелі де жазаға тартылды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ведомствоның Instagram-дағы парақшасына жарияланған ақпарат бойынша, бұл отбасылық жанжал ісін Павлодар қаласы оңтүстік полиция бөлімінің полицейлері қараған.
Павлодар қаласында Назарбаев даңғылы бойында отбасылық жанжал болды. Кейін ол өзара төбелеске ұласты. Сот-медициналық сараптама ерлі-зайыптының екеуіне де тағайындалды. Қорытындыға сәйкес, ерлі-зайыпты бір-бірінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша оларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды, - деді Павлодар қаласы ПБ учаскелік полиция аға инспекторы Асылбек Көкішев.
Қазір материалдар сот қарауына жіберілген.