Парсы түбегінен қарулы топтың үстіне бірнеше зымыран түсті
Иран мен Пәкістанның арасы күн өткен сайын ушығып барады. Бүгін Пәкістанның қарулы күштері Ислам Республикасының соққысына жауап ретінде Парсы елінің аумағын зымыранмен атқылады. Сөйтіп, екі ел арасында қарулы қақтығыс басталды.
Еске сала кетсек, кеше Иран әскері Пәкістандағы «Жайш-әл-Адл» тобының штабына соққы жасаған болатын. Бұл сунниттерден құралған топ Иранның оңтүстік-шығыс аймағындағы Систан мен Белуджистан провинцияларындағы сепаратистерді қолдап келеді. Яғни, ара-тұра Иран шекарасын атқылап, диверсия жасаумен айналысады.
Соңғы рет «Жайш-әл-Адл» тобы Иранның әскери нысандарын атқылады. Диверсия былтыр болды. Сол кезде екі жақтан да әскерилер қаза тапты. Осыған байланысты Иран қарулы күштері шекараны күшейтіп, «Жайш-әл-Адл» тобын бірнеше рет нысанаға алуға тырысты. Бірақ әліптің артын бағып, соққы жасамады. Ал кеше Парсы түбегінен Пәкістанда орналасқан қарулы топтың үстіне бірнеше зымыран түсті. Иран соққы туралы арнайы мәлімдеме де жасап, өз әрекетін ақтауға тырысты.
Біз өз елімізді террористік топтардан қорғау үшін атқыладық, – деп хабарлады Ислам Революциясын қорғау корпусы.
Бұған Пәкістан көп кешікпей жауап берді.
Егер Иран қалт етсе, жақсылап тұрып жауап береміз, – деді Пәкістан армиясының басшылығы.
Содан кейін Пәкістан Иранның оңтүстік-шығысына соққы жасап, әскерін толықтай ұрыс жағдайына келтірді. Осы жерде тағы бір қанды оқиға болды. Екі елдің шекарасында Ислам Революциясын қорғау корпусының жоғарғы шенді командирі, полковник Хосейн Әли Жаванданфар өлтірілді. Ол бүгін «Жайш әл Адл» тобының жасақтары Иранның Белуджистан аймағында Ислам Революциясын қорғау корпусының әскерімен қарулы қақтығысқа түскенде қаза тапқан. Полковник кетіп бара жатқан көшке соққы жасалған.
Қытай да екі елдің ушығып бара жатқан қарулы қақтығысына қарап отырған жоқ. ҚХР Пәкістан мен Иран арасына арағайындық жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың Пәкістандағы елшісі айтты.
Қытай Пәкістанға үндеу жасап, Иранға соққы жасамауға шақырды. Бірақ оған Пәкістан Ислам Республикасы көнер емес. Ирандағы елшісін кері алдырып, Парсы еліне жауап соққы беру құқығы бар екенін ескертті.
Бұған дейін Иран Сирия мен Ирактың территориясына да зымыранмен соққы жасаған болатын.