Онда бейнебақылау камерасы да орнатылады
Алматыдағы көлік апатынан соң автобустарға дабыл батырмасы орнатылуы ықтимал. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол бұған дейін қоғамдық көліктегі тәртіп полиция назарынан тыс қалғанын мойындады.
Жақында Алматыда көлік апаты болып, 3 адам көз жұмды. Сондай-ақ қоғамдық көлікте жолаушы шетелдіктерге тиіскен. Біз компаниялардың басшыларымен кездесіп, автобустағы қауіпсіздік мәселесін талқыладық. Кездесуде автобустарда бейнебақылау камерасы мен дабыл батырмасын орнату мәселесі қаралды, - деді Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасы дабыл батырмасын орнатуға кімдер жауапты болатынын айтты.
Дабыл батырмасын орнатуға жергілікті атқарушы органдар мен жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын мекемелер жауапты болады. Олар құралды қаржылық жағдайына қарай орнатады. Қоғамдық көліктердің иелерімен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Олардың басым бөлігі бастаманы қолдап отыр. Енді жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргіземіз, - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 22 желтоқсанда болған. №47 автобустың әйел жүргізушісіне ер адам қол көтерген. Салдарынан автобус тізгініндегі әйел есінен танып, аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кеткен болатын. Көлік апаты салдарынан 3 адам мерт болып, 4 адам жарақат алған еді. Автобус жүргізушісін ұрған күдікті қамауға алынды.