Ол КСРО құрамасының 1988 жылғы ойын жейдесі мен басқа да заттарды тарту етті
Футболдан 1988 жылғы Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко Қазақстан футболының музейіне естелік жәдігерлерді сыйға тартты.
Ол музейге КСРО құрамасының 1988 жылғы ойын жейдесі, Олимпиялық ойындарға қатысқан спортшының медалі мен Оңтүстік Кореяда өткен Ойындардан естелік фотосуреттерді тарту етті.
Яровенко өзі киген футбол киімдері мен басқа да заттарды табыс ете отырып, музей қорының одан сайын құнды материалдармен толыға беретініне сенім білдірді.
Бұл жейдеге 37 жыл болды. Оны біздің жас ұрпақтың тарихты білуі үшін музейге тапсыруды жөн көрдім. Онымен қоса, 1988 жылы 1 қазанда Сеулде өткен бразилиялықтармен финалдың суреттерін де тапсырамын. Музей жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып тұруы керек. Бұл – футбол тарихы. Өткен ғасырда «Қайрат» клубында ойнаған азаматтардың музейге тапсыратын жәдігерлері бар деп ойлаймын, – деді Олимпиада чемпионы.
Қазақстан футболының музейі 2023 жылы ел футболының 110 жылдығына орай отандық футболды насихаттау мақсатында ашылған болатын.