Кейінгі 5 жылда елімізде 2 948 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған
Биыл қыздарға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе салу үшін 9 млрд теңгеге вакцина сатып алынады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, әлемде адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны шығаратын 4 өндіруші кәсіпорын бар.
Мұнда 2 өндіруші 2 валентті вакцинаны өндіреді. Бұл адам папиллома вирусының 2 түрінен қорғайды. Екпені өндіретін елдің бірі – АҚШ. Олар вакцинаның 2 түрін шығарады: 4 валентті және 9 валентті. Сондықтан бүгін біз қандай вакцина сатып алатынымызды анықтаймыз. Ол 4 валентті және 9 валентті болуы мүмкін. Жалпы 9 валентті екпе өте тапшы және оны сатып алу өте қиын, - деді Айжан Есмағамбетова Сенат кулуарында.
Сондай-ақ бас санитар дәрігер биыл балаларды вирустан қорғау үшін бюджеттен қомақты қаржы қарастырылғанын жеткізді.
2024 жылға адам папиллома вирусына қарсы вакцина сатып алу үшін шамамен 9 млрд теңге қарастырылған. 175 мың (тек 11 жастағы, – автор) қызға 2 вакцина салынады. Демек біз екпенің 350 мың дозасын сатып аламыз. Алайда бұл вакцина тек осы бағаға (9 млрд теңгеге) сатып алынады деп айтуға болмайды. Себебі вакцинаның бағасы біздің ережемізге сәйкес анықталады. Бұл бағаға тендер жарияланады. Сұранысқа байланысты баға не төмендеуі не керісінше (көтерілуі) мүмкін, - деді вице-министр.
Айта кетейік, АПВ – әлемдегі ең көп таралған вирус. Оның көптеген түрі бар. Бүгінде зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Ең қауіпті түрі – 16 және 18-типтегі вирус. Мұндай онкогенді вирустар жатыр мойны мен вульвада, ер адамның жыныс мүшесі мен шырышты қабаты бар басқа да органдарында обыр ауруын туғызады.
Адам папиллома вирусының тағы 10 түрі қауіпсіз ісік шақырады. Штамдардан сүйел, кондилома, респираторлық папилломатоза пайда болады.
UNFPA Қазақстан мәліметінше, АПВ-ны жұқтыру оңай. Сондықтан адамдардың 80%-ы өмірінде бір рет болса да осы вирусты жұқтырады. Жұқтырғаннан кейін вирус ағзада ұзақ уақыт тіршілік ете алады. Бірақ бұл адам ауырады дегенді білдірмейді. Өзінде вирус бар екені туралы білмеуі де мүмкін. Егер адамның иммунитеті жақсы болса, ауру белгілері болмауы мүмкін.
Көп жағдайда адамның қорғаныс жүйесі вирусты бірнеше ай немесе бірнеше жылдың ішінде жойып жібере алады. Бірақ кейде вирус адам ағзасына еніп, сансыз еселенуі мүмкін. Сол кезде қатерлі ісік немесе обыр тәрізді қауіпті аурулар пайда болады.
Сондай-ақ ауру көбіне жыныстық жолмен жұғады.
Сонымен қатар кейінгі 5 жылда елімізде 2 948 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған. Сол жылдары 148 әйел вульва мен қынап қатерлі ісігінен (рак) қайтыс болды.
2018-2022 жылдары жыныс мүшесі мен анустағы рактан 95 ер адам көз жұмған. Кейінгі 5 жылда тіл, ауыз қуысы мен тамақ-өңеш қатерлі ісігінен 1 мың науқас қайтыс болған.
АПВ-дан қорғанудың жалғыз жолы – вакцина салғызу. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген.