Ол мұндай қадамға жоқшылықтан әбден қажығандықтан барған
Атырау облысында өзін-өзі өртеген ер адам жансақтау бөлімінде ес жимастан көз жұмды.
Доссор кентінде өзін өртеп жіберген 62 жастағы Біржан Баетов жансақтау бөлімінде 3 күн жатып, сол күйі есін жимаған. Ол 17 қаңтарда таңғы сағат 5 шамасында көз жұмды. Еске сала кетсек, денесінің 70%-ын күйік шалған еді.
Атырау облысының полиция департаменті ер адамның өзін өртеуіне отбасындағы жанжал әсер етті деп мәлімдеген болатын. Алайда жақындары мен көршілері бұған келіспейді. Әйелінің айтуынша, ол мұндай қадамға жоқшылықтан әбден қажығандықтан барған.
Марқұм – көпбалалы әке. Артында 2 ұлы, 4 қызы қалды. Өндірісте қолы жарақаттанып, 3-топ мүгедектігін алған. Көше тазалап, мал бағумен айналысқан, аула да сыпырған. Тұрақты жұмысы болмай, кейін жұмыссыздар есебінде тұрған.
Әкімдік берген жалдамалы үйіне несиеге жиһаз бен түрлі зат сатып алған. Екі қызын ұзатқанда да қарызға батқан көрінеді.
Бізге қиын болып кетті. Бала-шағаға да жеткізе алмай, тамақты да несиеге, қарызға алдық. Қарызды қайтадан беремін. Сөйтіп қиын жағдай болып кетті. Жолдасым да, мен де қиналып кеттік. Жұмысым да тұрақты болмады. Екеуміз арасында осылай жанжалдасып, ұрысып қалатынымыз бар. Сол қиындықты жолдасым көтере алмады, - дейді әйелі Азаттық радиосына берген жауабында.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қалада мыңдаған адам үйдегі қариялардың зейнетақысына, мұғалім немесе тәрбиеші болып істейтін әйелдердің жалақысына күнелтіп отыр. Себебі елді мекенде одан басқа жұмыс жоқ.
«Бұл кісінің қазасы жайлы неше түрлі ақпарат беріп жатқан болар. Мұны терең зерттесек, бәрі тұрмыстық жағдайға келіп тіреледі. Халықта жұмыс жоқ. Балалары да, келген келін де жұмыссыз. Соның бәрі әсер етеді», - деді жергілікті белсенді Ғазиз Ғабдуллин.